2014 жылдың 23 қыркүйек күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Эразмус+ бағдарламасының ақпараттық сессиясы өтті.

Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Шайзада Тасболатованың айтуынша, шара Эразмус+ бағдарламасының іс-шараларына қатысу талаптарымен таныстыру, кандидаттарға жоба жасау бойынша тәжірибелік ұсыныстар туралы ақпарат беру.

Шараны ашу салтанатында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде Павлодар мемлекеттік университеті толыққанды қатысушы ретінде бірлесе өркен жайып келеді деп атап өтті. Сонымен қатар, Серік Мәуленұлы осы сынды халықаралық бағдарламаларға қатысу білім беру мекемелерінің әлеуетін халықаралық стандартқа сай нығайтып, сапаның өсуі мен білім нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратынын мәлімдеді.

Эразмус+ бағдарламасы – еуропалық жоғары білім сапасын арттыруға бағытталған жоғары білім беру саласындағы тәжірибе алмасу және ынтымақтастық, екі ел арасында диалог орнату және адамдар мен мәдениеттер арқылы үшінші мемлекеттермен қарым-қатынас құру бойынша Еуропалық одақ бағдарламаларының бірі.

Сессия жұмысына жоғары оқу орындарының факультет декандары, кафедра меңгерушілері, оқытушылар мен магистранттар қатысты. Шара барысында бағдарламаның құрылымдарды анықтау мен жобалар түрлері, тапсырыстарды іріктеу сынды маңызды жұмыстары турасында ақпарат берілді. Мұнымен қоса, бағдарлама үйлестірушісі Шайзада Тасболатова кредиттік ұтқырлық, бірлескен магистрлік бағдарламалар, Мари Склодовска-Кюри мен Жана Моненің еуропалық докторлық бағдарламалары туралы баяндап берді.

Руфина Торпищеваның фотосы