2014 жылдың 19 қыркүйек күні сағат 11.00-де С.Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында қазақтың дара тұлғасы, ғылым мен мәдениет қайраткері, жазушы, публицист, қазақ әдебиетіндегі роман жанрының негізін қалаушы, аудармашы, драматург Жүсіпбек Аймауытұлының 125 жылдығының құрметіне орай «Аймауытов оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция модераторы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім. Ғарифолла Қабдыжаппарұлы конференцияның ашылу салтанатында қазақ әдебиетін дүниежүзілік әдебиет аренасына шығарған, тың жанрларға жол салып кеткен Жүсіпбек Аймауытұлының шығармаларының халқы үшін құнды екенін атап өтті.

Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаев пленарлық отырыста жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытұлының мәдени-тарихи мұралары мен сан қырлы да ерекше шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығын ескерді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев өз сөзінде қазақ әдебиетін дүниежүзілік әдебиет аренасына шығарған, тың жанрларға жол салып кеткен Жүсіпбек Аймауытұлының шығармаларының халқы үшін құнды екенін атап өтті. «Жүсіпбек Аймауытов асқан таланты мен таудай талабының арқасында әдебиетімізді еуропалық және дүниежүзілік көркем әдебиеттер қатарына қосты. Әсіресе, көркем тілі, адам жанының не қилы пернелерін баса білетін психологизмі күні бүгінге дейін оқырманды таңдандырмай қоймайды», - деп ақын шығармашылығының ерекшелігіне тоқталды.

Сондай-ақ, конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Сайлау Байбосын, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, қазақтың белгілі жазушысы әрі драматургі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әкім Тарази, С.Торайғыров атындағы ПМУ Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологияларды оқытудың ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы п.ғ.д., профессор Еңілік Жұматаева баяндамаларын көпшілікке ұсынды.

Сонымен қатар, конференцияның құрметті қонақтары ретінде мемлекет қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ҚР Мәдениет және спорт вице-министріні Асқар Бөрібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев және басқалары қатысты.

Жүсіпбек Аймауытұлының құрметіне өткізіліп отырған шара барысында туыстары мен ұрпақтары Аймауытова Римма Бектұрқызы мен үлкен ұлының қызына зор құрмет-сый көрсетілді.

Конференция жұмысы барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ концерттік залында қонақтар мен қатысушылар назарына «Жүсіпбек Аймауытұлы – жазушы, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы және педагог» атты кітап көрмесі және қаламгерді еске алу құрметіне «Кемеңгер» фильмі ұсынылды.

Руфина Торпищеваның фотосы