2014 жылдың 17 қыркүйегінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Еңбек күнін тойлау аясында Павлодар облысы «Замандас» ардагерлер клубының төрағасы Қабидолла Шәкаримов студенттермен кездесті.

Қабидолла Шәкаримов – Павлодар индустриалды институтының Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. Қабидолла Нұрсейітұлы оқу жылдарында индустриалды институттың оқу кеңесінің мүшесі, комсомол комитетін басқарған. Мұнымен қоса, коммунистік партияның хатшысы да болып қызмет еткен. Ал, еңбек жолын ЖЭС-та аға шебер қызметінен бастаған. Еңбек ете жүріп партиялық жұмыстарға да белсене атсалысқан. Бүгінде Қабидолла Нұрсейітұлы «Замандас» ардагерлер клубын басқаруда.

Кездесуді Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің деканы Төлеуғазы Тоқтағанов ашып, құрметті қонақты студенттерге таныстырды.

Қабидолла Нұрсейітұлы өзі бір кездері білім алған Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенттеріне тағылымы мол өмірлік оқиғаларынан сыр шертіп, келелі кеңестері мен ғұмырлық тәжірбиелерімен бөлісті. «Мен Павлодар индустриалды институтында білім алғанымды әрдайым мақтан етемін. Жастар сіздерге айтар тілегім, оқудан жалықпаңыздар, еңбектенуден талмаңыздар. Өйткені, оқу зор еңбек арқылы келеді. Сіздерге университет, мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңздар. Біз білім алған жылдары бүгінгідей жетістіктер мен материалдық база болмаған», - деп жастарға құнды кеңестерін беруден аянып қалмады.

Қарт ардагердің сөздері студенттердің пайдасына жарайтыны сөзсіз. Өйткені, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті өткенінен сабақ алып, болашаққа нық қадам жасайды.