Л.Н. Гумелев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы өзара ғылыми-білім ынтымақтастық келісім-шарты аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Баянтау» демалыс үйінде «Заманауи биологияның өзекті мәселелері» атты І Жазғы биологиялық мектеп жұмыс жасады.

Айтулы мектеп жұмысына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінде «Биология» және «Экология» мамандықтары бойынша білім алып жүрген магистранттар мен PhD докторанттар және Л.Н. Гумелев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Биология» және «Биотехнология» мамандықтарының магистранттары мен PhD докторанттары қатысты.

І Жазғы биологиялық мектептің бағдарламасы бойынша теориялық семинарлар, тәжірибелік ғылыми зерттеулер және дәрістер оқылды. ҚР ҰҒА академигі, б.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ Жалпы биология және геномика кафедрасының меңгерушісі Р.Берсімбай, б.ғ.к., Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ Биотехнолгия және микробиология кафедрасының меңгерушісі Р. Омарова, б.ғ.к., Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ Қоршаған орта саласындағы басқару және инжниринг кафедрасының доценті Ж. Маслимова, б.ғ.к., Жалпы биология және геномика кафедрасының доценті А.Дінмұхамедова, С.Торайғыров атындағы ПМУ атынан Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Қ. Ахметов дәріс оқыды.

Сабақтар шеберлік-сынып және семинар форматында өтті. Сондай-ақ, магистранттар мен PhD докторанттардың аталмыш тақырыпты еркін талқылап, өз ой-пікірлерімен алмасу мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.