С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.к., «Металлургия» кафедрасының меңгерушісі Алексей Богомоловқа Ресей Жаратылыстану Академиясының Президиумының шешімімен «PRIMUS INTER PARES» ордені табыс етілді.

Алексей Богомолов – қазақстандық ғалымдардың арасынан алғаш болып Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының «PRIMUS INTER PARES (Теңдестер арасындағы бірінші)» орденімен марапатталған ғалым. Аталмыш орден әлемдік ғылымның дамуына зор үлес қосқан, үздік ғылыми жобалар мен ғылыми және тәжірибелік маңызы бар тың өнертабыстарды ашқан ғалымға табыс етіледі.

Табысты еңбек етіп жатқан, яғни, ғылым мен тәжірибеге пайдасын тигізген өнертабыстар мен ғылыми жұмыстардың иелерін, демек ғалымдарды ынталандыру мақсатында Ресей Жаратылыстану Академиясы (РЖА) оларды көрнекті ғалымдардың атындағы марапаттар мен премиялармен марапаттайды.

Ресей Жаратылыстану Академиясының марапаттар мен премиялар бойынша комиссиясы РЖА қорындағы мақалалар мен ғылыми өмірбаяндарды сараптау нәтижесінде С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті, т.ғ.к. Алексей Богомоловқа «Ғылым мен білімге еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағын табыс етті.

Сондай-ақ, ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін РЖА президиумының шешіміне сай Алексей Богомолов В.И. Вернадский атындағы күміс медальмен, арнайы сертификат пен ғалым куәлігімен марапатталды (Москва қ.).