С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы 2014 жылдың 11 маусым күні Астана қаласында өткен «Үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығында ТМК саласындағы бизнес, ғылым және мемлекеттің технологиялық міндеттерін айқындауы» атты дөңгелек үстел негізінде жүзеге асқан ғылыми-технологиялық кеңеске шақырылды.

Кеңес жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары атынан технология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Оразбике Ибраева қатысты.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (ТДҰА АҚ) пен Тау-кен қазушы және кен металлургиялық кәсіпорындарының Республикалық ассоциациясымен бірлесіп ТМК саласында алдағы бесжылдықта іске асыруға жүктелген технологиялық міндеттердің өзекті мәселелерін талқылау, анықтау және шешу мақсатында ғылыми-технологиялық кеңесті ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Қазақстанның қара, түсті металлургия және тау-кен кәсіпорындарының басшылары, ғылым өкілдері қатысты .

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.к., профессор Оразбике Ыбраеваның айтуынша еліміздегі кәсіпорындарының стратегиялық даму жоспары бар, халықаралық компаниялармен байланыста, әлемдік трендтен хабары бар, тіпті олардың қай бағытта дамып жатқанынан да хабарсыз емес екен. «Бүгінде бизнес өзіндік құны төмен тауарды өндіруге әрі сол тауарды қымбатқа сатуды жүзеге асыру үшін заманауи жоғары технологиялық құрылғыларды қажетсінеді. Мұндай жетістіктерге тек ғылымның көмегімен ғана жетуге болады. Осыған байланысты еліміздегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды дамытуға бағытталған жұмыстар дұрыс жолда, әрі аса маңызды міндетті атқарып келеді. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың өз жоспарларын жинақтауына және нысанаға алынған міндеттерге қол жеткізуге жол ашады», - деді Оразбике Ыбраева.

Ғылыми-техологиялық кеңес жұмысы барысында қатысушыларға таныстыру үшін үздік 11 жоба таңдап алынды. Оның ішінде С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының 2 жобасы үздіктер қатарынан көрінді.

12 маусым күні біздің ғалым V мерейтойлық Халықаралық «Astana Mining & Metallurgy» – 2014 конгресінің көрмесіне қатысып, инновациялық өнім және технологияларды өндіретін кәсіпорын жұмыстарымен танысты.