Жоғары білім көшбасшыларының ІІІ Еуразиялық форумы аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Назарбаев Университеті» автономдық білім беру мекемесі өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.

Меморандумға қол қою рәсіміне Назарбаев университетінің Президенті Шиегео Катсу және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Серік Өмірбаев қатысты.

Меморандум жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін жетілдіру, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен магистранттарына жоғары дәрежелі білім, ғылым қорларын қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми жобалар, инновациялық білім беру және зерттеу жұмыстарын жасауға бағытталған қадамдарды іске асыруды нысанаға алған.

Аталмыш мекемелердің өзара ынтымақтастығының басты міндеттері ұйым құрылымы, университет басшылығы, ғылыми-зерттеу және білім беру ісіне, халықаралық ынтымақтастық стратегияларға сапалы да тың өзгерістерді енгізуді мақсат етеді.

Серік Мәуленұлының пікірінше Назарбаев Университетінің алдында еліміздегі ғылым мен білімді дамыту ісінде жүйелі жоба болатын зияткерлік-инновациялық кластерді қалыптастыру сынды стратегиялық міндеті тұр.

«Павлодар мемлекеттік университеті ғылым және білім саласында инновациялық бетбұрысты белсенді түрде жария етуде. Біз әлемдік тәжірибеге сай бірлескен ЖОО арасындағы ынтымақтастықты қолдаймыз. Екі жоғары мектептер арасындағы көп жоспарлы ынтымақтастықты жоғары деңгейлі серіктестіктің белгісі деуге әбден болады», - деп мәлімдеді С.М.Өмірбаев.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жаһандағы алдыңғы қатарлы үздік жоғары оқу орындармен өзара ынтымақтастық құруы ғылым-білім кеңістігіндегі ықпалдастықты орнатуды, серіктес ЖОО-ның ғылыми қорын қолдануды, білім берудің жаңа технологиялары мен қалыптарын дамытуды қалыптастырады.