Павлодар облысы ІІД, «Нұр Отан» ХДП және Жастар саясаты жөніндегі басқармасы бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде белсенділік танытқан студенттік құқық қорғау жасақтарын марапаттады. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік құқық қорғау жасағы топ жарып, «Үздік жасақ» марапатын иеленді.

 

Бүгінгі таңда құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың саны 7,5 мыңнан астам адамды құрайды, оның ішінде 489 студент. Барлығы облыс бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарында 14 студенттік жасақтар қатысуда.

Іс-шараға Павлодар облысы ІІД, «Нұр Отан» ХДП және Жастар саясаты жөніндегі басқармасы мұрындық болды.

Айтулы шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде белсенділік танытқан студенттерді марапаттады.

Ал, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік жасағы облысымыздың студенттік жасақтары арасынан топ жарып, «Үздік жасақ» марапатына ие болды. Жасаққа үздіктер марапаты белсенділік, бастамашылық танытқаны, қоғамдық тәртіпті қорғағаны әрі азаматтық қоғамның қалыптасуына зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік жасағының командирі Кәбір Ғалымжанның айтуынша студенттік жасақтар қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмысты істердің ашылуына белсенді көмек көрсетеді. «Өзім ерікті студенттік жасақта қызмет етуімді азаматтық парызым санаймын. Өйткені, елін, туған қаласын сүйетін адам қоғамдық тәртіпті қорғауы шарт», - деп ағынан жарылды жасақ командирі Кәбір Ғалымжан.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» ХДП марапаттаған студенттер қатарында С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті де бар. Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің 1 курс студенті Кәбір Ғалымжан қоғамдық тәртіпті қорғауға атсалысқаны үшін және белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Нұр Отан» Халық демократиялық партиясының облыстық филиалы табыс еткен алғыс хатымен жеңіс қоржынын молайта түсті.