С.Торайғыров ат. ПМУ-дың «Металлургия» кафедрасының ДМт-302 тобының студенті Ольга Гареева көптілді білім беру бағдарламасы шеңберінде дипломдық жұмысын ағылшын тілінде қорғап шықты.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ елін әлемдегі үш тілді қатар тұтынатын білімді де білікті ел ретінде танытуымыз қажет екенін және мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі мен жаһандық экономикаға табысты кірігу тілі – ағылшын тілі болуы тиіс екенін ерекше атап көрсеткен еді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында білім беру мен ғылымға да ерекше көңіл бөліп, «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды», – деп атап көрсеткен болатын.

С.Торайғыров атындағы ПМУ көптілділікті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Еліміздегі көптілді білім беру жобасына енгізілген 20 жоғары оқу орыны қатарында Павлодар мемлекеттік университеті де бар. Оқу орнында инновациялық технологияларды үш тілде оқытуды оқу үдерісіне енгізуге бағытталған 2012-2016 жылдарға арналған көптілді білім беруді енгізу бағдарламасы жасалған.

Ағылшын тілінде қорғалған дипломдық жұмыстың ғылыми жетекшісі техника ғылымдарының докторы, профессор Нұргүл Смайлова дипломдық жобаның өзектілігін айта келе, бүгінде көптілді білетін жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу мақсатындағы қыруар шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

Аталмыш жұмыс дайын өнімнің өзіндік құнының төмендеу амалдары, глинозема, аз шығынды жұмсай отыра құрылғыны пайдалануды арттыру, өнім өнімділігін арттыру мақсатында құрылғыны қалпына келтіру сынды мәселерді зерттеуімен өзекті.