С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Физика, математика және ақпараттық технологиялар күнін тойлады.

Факультет құрамы: «Математика және информатика», «Физика және аспап жасау» және «Есептеу техникасы және бағдарламалау» кафедралары.

Биыл факультет он бір жылдығын атап өтуде. Осы жылдар барысында факультет көптеген жетістіктерге жетті.

Айтулы шара факультет тынысы туралы бейнефильмнен бастау алды. Факультет деканы, кафедра меңгерушілері, Республикалық олимпиадалардан жеңімпаз атанып келген студенттер, профессорлық-оқытушылар құрамын, магистранттар мен студенттерді Факультет күнімен құттықтады. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Математика және инфарматика кафедрасының профессоры, Лебяжі ауданының құрметті азаматы Мейрам Хамитов жиылған қонақтарға физика-математикалық білімнің маңыздылығы туралы әңгіме өрбіте келе, студенттеріне келелі кеңестерін беріп, ақ тілегін арнады.

Сонымен қатар, мерекеге Павлодар қаласының мектеп түлектері, әр жылғы факультет түлектері, профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер және студенттердің ата-аналары қатысты.

Аталмыш факультет оқытушылары мен студенттері әр бағыттағы олимпиадалар, байқаулар мен спартакиадаларға белсене атсалысып, қанжығасын бос әкелген емес. Физик студенттеріміз Ақтөбе қаласында өткен физика бойынша VІ Республикалық олимпиадада еліміздің 11 аймағының ЖОО арасында топ жарып, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленген. Жыл сайын факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы университеттік «Денсаулық – зор байлық» спартакиадасына қатысып, бірінші орыннан көрінеді. 2013-2014 оқу жылы спартакиадасының нәтижесі бойынша факультет командасы бірінші орынды қанжығасына байлап, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректры Кубогімен марапатталды.

Шара барысында Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, ф-м.ғ.к., Нұрлыбек Испулов студенттердің ата-аналарына, профессорлық-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге, студенттер мен магистранттарға факультеттің дамуы мен қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін алғыс хат табыс етті.

Факультет студенттері өздерінің тамаша өнерімен тойшы қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Амстердам» КВН командасының өнерлері көптің көзайымына айналды.