2014 жылдың 23 мамыр күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Ашық есік күндері» шарасы аясында Ертіс ауданының мектеп түлектерімен кездесті.

«Foundation» факультеті ПМУ «Ашық есік күндері» шарасын Ертіс ауданы мектеп түлектері кездесуімен тәмамдады. Факультет Павлодар облысы және Павлодар қаласы білім беру басқармасының аудандық, қалалық бөлімдерімен бірлесіп университеттің 15 «Ашық есік күндерін» өткізді. Оның 5-уі Павлодар қаласының жалпы білім беру мектептері мен мамандандырылған мектептері, Павлодар, Успен, Лебяжі аудандары мен облыстық пәндік олимпиада қатысушылары үшін арнайы университет қабырғасында өтті. Мұнымен қоса, Павлодар облысы аудандары мен қалаларында 10 көшпелі «Ашық есік күндерін» ұйымдастырды факультет қызметкерлері. С.Торайғыров атындағы ПМУ Ашық есік күндеріне жалпы 3 294 адам қатысты. Сонымен қатар, биыл алғаш университеттің көшпелі «Ашық есік күндері» өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі «Қазақстан Алюминийі» АҚ жұмысшылары мен мектеп түлектерінің ата-аналарымен жүздесті.

Өңірдегі алдыңғы қатарлы жоғары мектептің жетістіктерімен таныстыру мақсатында Ертіс ауданы мектеп түлектерінің назарына университет мамандықтары мен қызықты студенттік өмірді паш ететін бейнефильм ұсынылды. Шараның салтанатты рәсімін ашқан Тарих және құқықтану факультетінің деканы, с.ғ.к., «Құқықтану» кафедрасының доценті, Ертіс ауданының тумасы Бегімтаев Әмерғалы мектеп түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсетішке ие болуына тілектестігін жеткізді.

Қазақстан ЖОО оқуға түсу ережелері мен С.Торайғыров атындағы ПМУ жетістіктері турасында п.ғ.д., «Физика және аспап жасау» кафедрасының профессоры Нұржұманова Күләш баяндап берді.

Университеттегі «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасының табысты тәжірбиесі жөнінде оқушыларға «Туризм» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3 курс студенті Жұмаділов Дулат әңгімеледі.

Ертіс ауданының мектеп түлектері құрметіне С.Торайғыров атындағы ПМУ өнерпаздары өнер көрсетті. «Мелоди» дуэті, «Джем» заманауи би студиясы, Студенттік филармония әншісі Әсел Құлжанова, КВН Павлодар Жастар құрамасы өз өнерлерімен көрерменнің көңілінен шықты.

С.Торайғыров атындғы ПМУ факультеттерінің декандары, кафедра меңгерушілері, оқытушылар болашақ талапкерлердің мазалаған сұрақтарына жауап беріп, келелі кеңестерін беруден аянып қалмады.