2014 жылдың 23 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Достық үйі» мәдени сауық орталығында «Бірыңғай азаматтық және саяси қауымдастығы қалыптасуының басты шарты – этносаралық келісім мен этносаяси тұрақтылық» атты ғылыми семинар өткізді.

Семинар барысында «Заманауи дәуірдегі Қазақстанның этносаясаты» кітабының тұсаукесері болды. Айтулы еңбектің авторы Т.Садықов атындағы аймақтық саяси зерттеулер орталығының басшысы Нұркен Күзембаев. Ол өз баяндамасында аталмыш монография жұмысына Павлодар мемлекеттік университетінің белгілі ғалымдары, Астана, Алматы қалалары профессорлары, Павлодар облысы Қазақстан халықы Ассамблеясы өкілдері қатысты. Олар: С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғд., профессор Серік Өмірбаев с.ғ.д., профессор Ғабит Иренов, с.ғ.д. Арман Ақышев, ф.ғ.д. Гүлмира Біләлова, т.ғ.к., Нұркен Күзембаев.

С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышев аталмыш шараны ашу барысында: «Жастар арасында этноконфессиялық саясатты жүргізу мәселесінде С.Торайғыров атындағы ПМУ белсене қызмет етуде. Конфессияаралық қатынастар, этносаралық келісім мен мәдениетаралық төзімділікті нығайту саласында университетте қыруар жұмыстар атқарылуда. 2014 жылдың 1 наурызында университетте Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы құрылды. Жас ұрпақ арасында ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісім мен төзімділік мәдениетін қалыптастыруда кафедраның алатын орны зор маңызға ие», - деп мәлімдеді.

Семинар жұмысына этносаяси және этноконфессиялық қарым-қатынас сарапшылары, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестігінің жетекшілері мен өкілдері, С.Торайғыров атындағы ПМУ Т.Садықов атындағы аймақтық саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Семинардың пленарлық отырысында С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті, Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Елдар Қалиев «Этникаралық қақтығыстар мен оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама оқыды. Және де С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Гүлфайруз Жапекова «Жаһандану жағдайындағы ұлттық бірлікті нығайту мәселелері» жөнінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты Сейсенбай Жетпісбаев «Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру барысындағы тиімді механизмдер», С.Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеу ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы Нұржамал Тышқанова «Этносаралық келісім негізі – жас қазақстандықтардың азаматтық ұстанымы», сонымен бірге, Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Т.Сечоева «Заманауи жағдайындағы жастар арасындағы этносаралық төзімділік» атты баяндамаларын ортаға салды.