С.Торайғыров ат. ПМУ-дың оқу телеарнасы Томбы қаласында өткен ғылыми-танымдық, ағартушылық бағдарламалар мен университет телебағдарламаларының «Университет - ТВ» бүкілресейлік фестивалінде «Бағдарламаның ең үздік дизайні» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ оқу телеарнасына бұл жеңіс Ертістің Павлодар өңірінің белгілі ақыны, ағартушы ғалымы, фольклоршы, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Халыққа дарыған даналық» атты танымдық деректі фильмі үшін берілді.

Томбы қаласында өткен бұл шара жұмысына Павлодар мемлекеттік университеті Медиаорталығының режиссері Елена Дьяченко, Оқу үрдісін ақпараттандыру бөлімінің жетекшісі Сапар Тоқсанов және инженер бағдарламашы Елена Баранова қатысты.

Сондай-ақ, шара барысында «Танымдық теледидар: елдегі зияткерлік потенциалды сақтау және дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Айтулы шара РФ Білім және ғылым Министрлігі, «Сібір ашық университеті» ассоциациясы, Томбы қоғамдық палатасының ұйымдастыруымен өтті.

Фестиваль нәтижесі бойынша «Халыққа дарыған даналық» фильмі «Бағдарламаның ең үздік дизайні» номинациясында үздік атанды.

Сонымен қоса, фестивальге В.Шухов атындағы Белгород мемлекеттік технологиялық университеті, Кемерев мемлекеттік университеті, Томбы политехникалық университеті, Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті, Ф.Достоевский атындағы Омбы университеті, Томбы басқару және радиоэлектроника университеті, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті, «Саха» ұлттық хабар тарату компаниясы, «Томбы» ҚТРК, Саратов мемлекеттік заң академиясы және т.б. өздерінің туындыларын додаға қосты.

Аталмыш шара жұмысына Томбы мемлекеттік университетінің ректоры, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Галажинский Эдуард, ТМУ жүйелі ақпараттандыру бойынша проректор, ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Демкин Владимир, «Томбы» ҚТРК арнайы жобалар бөлімінің редакторы Петр Кондоков т.б. қатысты.

Халықаралық ауқымдағы бәйгелерде бағымыз бен бабымызды сынау ЖОО-ның кәсіби біліктілігін өсіріп қана қоймай, ақпарттандыру саласында тәжірибе алмасу арқылы БАҚ саласында даму үрдісін дамытатынымыз хақ.