2014 жылдың 15 сәуір күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аллеясында «Ғашықтар күніне» арналған ағашқа бау байлау рәсімі өтті.

Игі шара студенттік өзін-өзі басқару онкүндігі аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастырумен жүзеге асты.

Ізгілік пен ғашықтардың адалдығын паш ететін дәстүрдің басты мақсаты қазақ халқының махаббат символы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» құрметіне орай ұлттық махаббат күнін қайта жаңғырту, жастардың бойында шынайы да таза махаббаттың қалыптасуына ықпал етіп, студенттер арасында қазақтың ғашықтық эпостарын, салт-дәстүрін, саф алтындай сөз өнерін кеңінен насихаттау болып табылады.

Көктем мезгілі – жақсылыққа шабыт сыйлап, сезімнің тазалығы мен мөлдірліктің бастауы болатын шағы. Көктем – махаббат деген ұлы ұғымның синонимі іспеттес. Дәл осы мезгілде жастардың арасында махаббат сезімінің алғашқы ұшқындары пайда бола бастайды. Осы ретте жас ұрпаққа адал ға-шықтықтың үлгісін жар ету, махаббаттың құны қаншалықты қымбат екенін тү¬сін¬діру барша қоғамға жүктелер міндет. Сезім мен сенім мәнін жоғалтып, жастар арасында желігу басым болып тұрған мына заманда, қазақтың ғашықтар символдары Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Қыз Жібек пен Төлегеннің, Еңлік пен Кебектің арасындағы шынайы да адал махаббатты насихаттау баршамызға ізгі міндет. Адал сезімдерді бағалаған жас ұрпақ махаббаттың құнын төмендетпей, қадірін білетін болады.

Бұл акцияның барысында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті университет алдында тұрған Ақ қайыңға өздерінің асыл армандары мен барша адамзатқа деген оң ниеттерін тілеу мақсатында түрлі түсті бау байлады.