2014 жылдың 10 сәуірі күні С.Торайғыров ат. ПМУ Тереңкөл ауылында Қашыр ауданының болашақ орта мектеп түлектерімен кездесті.

Аталмыш шара С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Foundation» факультетінің ұйымдастырумен жүзеге асты. Кездесу №3 ЖББОМ базасындағы аудандық орталықта өтті. Мектеп директоры Біләлова Жайнат Қалиқайдарқызы мен Білім беру бөлімінің аудандық өкілі Құсайынова Гүлжиян Сайтғалиқызы қонақжайлылық танытып, ауданның 123 оқушысы мен сынып жетекшілерін қонақ етті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетімен таныс болу мақсатында оқушылар назарына өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы атанған жоғары мектеп хақында бейнефильм ұсынылды.

П.ғ.д., Физика және аспап жасау кафедрасының профессоры әрі Қашыр ауданының тумасы Күләш Нұржұманова болашақ мектеп түлектеріне алдағы ҰБТ сынақтарында сәттілік және жоғары көрсеткіштерге ие болуына ниеттес екенін жеткізді. Күләш Алдоңғарқызы оқушыларды университеттегі қызу қайнаған студенттік өмір туралы қызықты әңгімелерімен де қанық етті. Мұнымен қоса, ғалым ҚР жоғары оқу орындарындағы құжат қабылдау мен мемлекеттік гранттар беру ережелерімен таныстырды.

Және де Қашыр ауданының №2 орта мектебінің түлегі әрі С.Торайғыров атындағы ПМУ Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 3 курс студенті Иван Давыденко жиналған қонақтардың алдында өз баяндамасын ұсынды. Иван жоғары оқу орынның «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы турасында және айтулы бағдарлама шеңберінде Балтық халықаралық академиясында алған білімі жайында әңгімелеп берді.

Жиналған көпшілік Павлодар мемлекеттік университеті филармониясының әншісі Әсел Құлжанова, «Мелоди» дуэті мен университеттің КВН командасының өнерлерін тамашалады.

Кездесу соңында болашақ түлектер С.Торайғыров атындағы ПМУ факультеттері мен «Foundation» факультетінің дайындық курстары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, оқушыларға жоғары мектептің мамандықтары ұсынған жарнамалық кітапшалар таратылды.