С.Торайғыров ат. ПМУ-дың студенттері олимпиадалық қозғалыстың белсенді қатысушылары Қазақстанның әр жоғары оқу орындарында өткен республикалық пәндік олимпиада нәтижелері бойынша университет студенттері дайындықтарының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрініп келеді.

Олимпиаданың басты мақсаты студенттердің ғылыми жұмыстарға қызығушылығын дамыту және ғылыми білімді насихаттау, сонымен қатар, дарынды балаларды ғылыми жұмыстарға тарту үшін жағдай жасау, халықаралық жарыстарға дайындау әрі қатыстыру, отандық білім саласының мәртебесін көтеру болып табылады.

Республикалық олимпиадада мәдениеттанушы студенттер жоғары көрсеткіштерге ие болды. Философия және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Жұлдыз Қабиденованың жетекшілігімен Әубәкірова Гүлсана, Біләлова Эльмира, Шакенов Диас ІІ орынды қанжығаларына байлады.

Олимпиада 3 тур бойынша өтті. Алғашқы турда ПМУ студенттерінен құралған топ «Мәңгілік Ел» тақырыбын өзек еткен үй жұмысын әділқазылар назарына ұсынды. Екінші турда команда мүшелерінің шығармашылық қабілеттері айшықтала түсті. Өйткені, олар «Жастар идеалы», «Ел идеалы» атты тақырыпқа жауап іздегенде жан-жақты қабілет-қарымын жұмсап бақты. Олимпиаданың үшінші туры «Эрудитта» мәдениеттану саласындағы білімдерін анықтауға бағытталды.

ПМУ студенттеріне кубок тапсырылып, 2 орын иегерлеріне диплом, DVD плейер және қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Жалпы, Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері қарсыластары мен әділқазылар алдында тапқырлығы, өр мінезі әрі хоризмасымен көзге түсті.

Мұнымен қоса, студенттерге олимпиадада биология саласы, генетика, адам анатомиясы, физиология, паразитология, омыртқасыз жануарлар зоологиясы, ботаника, зоологиялық номенклатура бойынша тесттер мен тапсырмалар берілді.

Команда мүшелері: Диана Ғалымжанқызы, Жүнісова Мақпал, Жүсіп Мүкаррам. Жетекшісі: б.ғ.к., Биология және экология кафедрасының доценті Айнагүл Қалиева.

3 тур нәтижесі бойынша 202 балл жиналып, командалық есепте ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды, ал топ мүшелеріне олимпиадаға қатысқаны үшін сертификаттар берілді.

Аға оқытушы Алмас Сұлтановтың жетекшілігімен С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері Жетпісова Алмагүл, Боровских Диана, Қайыров Дархан олимпиаданың экономика пәні бойынша ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталып.

Сонымен қоса, «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының Айгерім Жақиянова бастаған студенттер тобы республикалық пәндік олимпиададан табысты жетістіктермен келді. Жеке есеп бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Құралай Молдабек марапатталып, ал, жетекші мен команда мүшелері Қарағанды мемлекеттік университетінің атынан Алғыс хатқа ие болды.

Саясаттанушылар да олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен. Олар: 2 орын алған Әлия Әлиақпарова және 3 орынға ие болған Алмас Мұқашев.

Жұмадилов Нұрмағамбет «Психология» мамандығы бойынша 3 орын алған. Арчибаева Рахат «Команданың үздік мүшесі» атты атағын алды. Жетекшісі: Психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Жүнісова.

ПМУ студенттері еліміздің кіл мықты командалары қатарынан суырылып алға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді, өздерінің оқу ордаларының, туған қаласы мен облысының намысын қорғап шықты.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерін жеңісті жетістіктерімен шын ниеттен құттықтай келе, табысты да жеңісті сәттеріңіз көп болғай демекпіз.