С. Торайғыров ат. ПМУ-дың Физика және аспапжасау кафедрасының студенттері Ақтөбе қаласында өткен VI ҚР жоғары оқу орын студенттері арасындағы физика бойынша пәндік олимпиададан 1 орынды қанжығасына байлап келді.

Павлодар мемлекеттік университетінің Физика және аспапжасау кафедрасының доценті, ф-м.ғ.к. Т.С. Досановтың жетекшілігіндегі студенттік топ білімді де білікті қарсыластарынан оза шапты. Олардың қарсыластары Қазақстандағы 10 аймақтың ірі мемлекеттік жоғары оқу ордалары, мәселен, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті сияқты кіл мықтылар болды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың физиктер командасының мүшелері Лемешенко Никита, Артықбаев Асқат және Ергібаев Арыстан байқаудың теориялық турында күрделі де қиын физикалық есептерді шығару барысында үздік жетістіктер көрсетті. Осылайша олар жеке әрі командалық есепте 1-ші және 2-ші орындарға иеленді.

Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттерінен құралған топ бірнеше құрметті марапатқа ие болды. Сонымен қатар, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры А.А. Нұрмағамбетовтың атынан С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры С.М.Өмірбаевқа Алғыс хат табыс етілді. Ал, ПМУ-дың физиктер тобы 1 дәрежедегі Дипломмен марапатталды.

Республикалық олимпиададағы студенттердің озық жетістігі, табысты жеңісі топ жетекшісі, доцент Т.С. Досанов пен Физика және аспапжасау кафедрасының ұстаздарының ерен еңбегі деп білген жөн.