2014 жылдың 31 наурыз күні С.Торайғыров ат. ПМУ Успен ауданының мектептерінің болашақ түлектері құрметіне есігін айқара ашты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен ашық есіктер күніне Успен ауданының мектептерінен келешек түлектер, ата-аналар және ұстаздар қатысты.

Аталмыш шараның ашылу салтанатында Павлодар мемлекеттік университеті «Foundation» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айжан Кудерина ЖОО басшылығы мен барша профессорлық-оқытушылар құрамы атынан Павлодар өңірінің жарты ғасырдан астам тарихы мен терең тағлымы бар жоғары оқу ордасы – Павлодар мемлекеттік университетімен таныстырды.

Сонымен қатар, Айжан Ермекқызы жоғары оқу орнының студенті атанудың жолдары турасында сөз қозғады. «Foundation» факультетінің деканы ПМУ қабырғасында білім алудың артықшылығы, оқуға түсу барысындағы құжаттарды тапсыру ережелері мен мерзімдері жөнінде әңгіме өрбітті. Әрі болашақ түлектердің мазалаған сұрақтары да жауапсыз қалмады.

Сонымен қоса, жиылған оқушыларға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, ЖОО-ның басты трендтері, факультеттер бойынша бекітілген мамандықтар хақында бейне фильм көрсетілді.

Университеттегі академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушы, ПМУ-дың Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің III курс студенті Наталья Томашевская аталмыш бағдарламаның жетістіктері туралы оқушылармен бөлісті.

Ізгі дәстүрге сәйкес қонақтар құрметіне Павлодар мемлекеттік университетінің шығармашылық ұжымдары мен орындаушылар өнер көрсетті. Оқушыларға ПМУ-дың студенттік филармониясының үздік орындаушылары, «Джем» би тобы, «Павлодар жастар құрамасы» КВН командасы көтеріңкі көңіл сыйлады.

Ал, Ашық есік күндері шеңберінде С.Торайғыров атындағы ПМУ спорттық залында болашақ мектеп түлектеріне ЖОО мамандықтары бойынша кеңестер ұсынылып, келешектегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар берілді.