С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2014 жылдың 21 наурыз күні Павлодар облысының Ұлыстың ұлы күнін тойлау шарасына қатысты.

Павлодар мемлекеттік университеті Павлодар қаласының орталық алаңында киіз үй тігіп, берекелі де мерекелі наурыз дастарханын жайып, қонақтарға есігін айқара ашты. Ұлыстың ұлы күнінің қасиетті асы – Наурыз көженің дәмін татуға келген әрбір қонақ Наурыздың науан дастарханынан дәм татты.

Мұнымен қоса, С. Торайғыров атындағы ПМУ тіккен үй алдында Студенттік филармонияның ұйымдастырумен сал-серілердің думанды театрландырылған көрінісі ұсынылды. Тойға шашу шашылып, ақындар айтысымен жалғасын тапты. Павлодар мемлкеттік университетінің студенттері «Ақсүйек», «Қыз қуу» «Арқан тарту» сынды ұлттық ойындар ойнап, жиылғандардың көңілдерін көтерді. Есік алдындағы найзалы батырлар босағаны аттаған қонақтарды рухтандырып, келушілерді жігерлендірді. Мерекелік думан студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамының «Қара жорға» биін билеуімен одан әрі қыза түсті. Қазақтың буын биіне қызыққан бала да қария да буындарын иіп билей жөнелді.

«Қонақ келсе құт» демекші, өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы тіккен үй қонақтардан арылмады. Бұл күні Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаев С.Торайғыров атындағы ПМУ дастарханынан дәм татып, наурызнамаға куә болды. Қанат Алдабергенұлы университет ұжымына шығармашылық шабыт пен толағай жетістіктер тілей отыра, өңір дамуына ұжымның қызметі зор үлес қосып отырғандығын жоғары бағалады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармониясының ұйымдастыруымен қалалық саябақта және орталық алаңда екі сағаттық наурыз думан өтті. Концертте Студенттік филармония оркестрі, «Шабыт» вокалдық студиясы, «Джем» би студиясы өнер көрсетті.