Лебяжі орта білім беру мектебінде «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және Лебяжі білім беру бөлімінің қолдауымен «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларын оқыту арқылы оқушылар мен мұғалімдердің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыру» атты ғылыми семинар өтті.

Шараның мақсаты: ұстаз қауымына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасын кеңінен таныстыру, оқушылар арасында оқыту, мұғалімдерді ғылыми жұмыстар жазуға бейімдеу, Мәшһүртану таңдау пәнін оқыту және С.Торайғыров атындағы ПМУ-ды насихаттау.

Аталмыш семинарға ауданның түпкір-түпкірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.

Ауыл мұғалімдерінің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыру мақсатында ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Тұрышев, ф.ғ.к., доцент Гүлназ Кәріпжанова, магистр Арслан Көпеевтер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тың баяндамалар оқыды. Семинарға қатысушылар ақын шығармаларының оқушыларды рухани тәрбиелеуде, болашақтарын зерделеуде өте маңызды рөл атқаратындығына ерекше тоқталды.

Бүгінде мектеп бағдарламасында «Мәшһүртану» таңдау пәні ретінде оқытылып жүрген пән сабағына қатысты мәселелер де қозғалып, ұстаздар назарына «Мәшһүртану» таңдау пәнін оқытудың тиімді технологиялары ұсынылды. Сол сияқты мектепте оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің ғылыми-әдістемелік негіздері жөнінде де дәрістер семинар аясында қамтылды.