2014 жылдың 17 наурыз күні С.Торайғыров ат. ПМУ Павлодар ауданының мектептері және Павлодар қаласының арнайы мамандандырылған мектептерінің болашақ түлектері құрметіне есігін айқара ашты.

С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен ашық есіктер күніне 38 мектептердің, атап айтсақ, Павлодар ауданының 12 жалпы білім беру мектептерінен, қалалық 25 мамандандырылған мектептерінен және Екібастұз қаласындағы мамандандырылған №3 «Зерде» дарынды балалар мектебінен жалпы саны 502 келешек түлектер, ата-аналар және ұстаздар қатысты.

Аталмыш шараның ашылу салтанатында Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев ЖОО басшылығы мен барша профессорлық-оқытушылар құрамы атынан Павлодар өңірінің жарты ғасырдан астам тарихы мен терең тағлымы бар жоғары оқу ордасы – Павлодар мемлекеттік университетімен таныстырды.

Жоғары оқу орнының студенті атанудың жолдары турасында «Foundation» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айжан Кудерина сөз қозғады. Айжан Ермекқызы ПМУ қабырғасында білім алудың артықшылығы, оқуға түсу барысындағы құжаттарды тапсыру ережелері мен мерзімдері жөнінде әңгіме өрбітті. Әрі болашақ түлектердің мазалаған сұрақтары да жауапсыз қалмады.

Сонымен қоса, жиылған оқушыларға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, ЖОО-ның басты трендтері, факультеттер бойынша бекітілген мамандықтар хақында бейне фильм көрсетілді.

Университеттегі академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушы, Агротехнологиялық факультеттің ІІІ курс студенті Ирина Аникиева аталмыш бағдарламаның жетістіктері туралы оқушылармен бөлісті.

Ізгі дәстүрге сәйкес қонақтар құрметіне Павлодар мемлекеттік университетінің шығармашылық ұжымдары мен орындаушылар өнер көрсетті. Оқушыларға Әсел Құлжанова, «Мелодия» вокалды тобы, «Павлодар жастар құрамасы» КВН командасы көтеріңкі көңіл сыйлады.

Ал, Ашық есік күндері шеңберінде С.Торайғыров атындағы ПМУ спорттық залында болашақ мектеп түлектеріне ЖОО мамандықтары бойынша кеңестер ұсынылып, келешектегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар берілді.