С.Торайғыров ат. ПМУ-дың студенттері Ғабит Хафиз бен Данат Бекжасаров Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде (Алматы қаласы) өткен республикалық «Мәңгілік Ел» – жастардың жарқын болашағы» форумына қатысты.

Форум «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттауға әрі университеттің 70 жылдығына арнайы ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға әр облыстың белсенді жастар өкілдері бас қосты. Шара аясында пленарлық отырыстар өткізіліп, жергілікті мұражайларға экскурсиялар жасалды. Сонымен қатар, қатысушылар «Нұр Отан» партиясының Алматы облысы филиалы төрағасының орынбасарымен кездесті.

Форумның жабылуы салтанатты концертпен жалғасты. Салтанатты жиын барысында өз елінің патриоттарын тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевқа алғыс хат тапсырылды.

Данат Бекжасаров: «Менің өмірімде бұл жолғы сапардың орны ерекше. Өйткені, мен еліміздің өзге де аймақтарының көшбасшы жастарымен танысып, тәжірибе алмастым. Аты аңызға айналған Алматы қаласының тарихи маңызға ие жерлерінде болдым. Не керек, алдағы істеріме шығармашылық шабыт, бастамаларыма жігер алып қайттым. Мен Қазақстанның белсенді жастарын республикалық «Мәңгілік Ел» жастар қозғалысына қосылуға шақырамын», - деп сапардан кейінгі көңілімен бөлісті.

Оқу ордамыздың тағы бір белсенді студенттерінің бірі, студенттік ректор Ғабит Хафиз өз ойын былайша түйіндеді: «Стратегия міндеттерін орындау – бұл еліміздің әрбір патриотының азаматтық парызы екеніне біз сенімдіміз. Біз Қазақстан халқын Елбасының Жолдауындағы жаңа міндеттерді орындауға, Отанымыздың тұрақты дамуы үшін бірігуге шақырамыз».