Қашыр ауданының орталығы Тереңкөлдегі Қ. Оспанов атындағы № 3 жалпы орта білім беретін мектебінде «Өлең сөздің дүлділі – Мәшһүр Жүсіп» атты оқушылар сайысы өтті.

Сайыстың мақсаты: қазақтың ғұламасы, ағартушымыз, шығыстанушы, фольклоршы, дарынды ақын Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жас ұрпаққа тереңірек таныстыру.

Жарысқа ауданның түпкір-түпкірінен оқушылар белсене қатысып, өз білімдерін ортаға салды.

Сайыс 3 бағытта өрбіді. Алғашқы бағыт «Бас болып, өнер білсең» деп аталып, оқушылар Мәшһүр Жүсіп өлеңдерін жатқа оқыды. Жарысқа орыс мектебінің оқушылары да белсене араласып, қазақ тілді мектептері оқушыларынан кем түспейтіндіктерін дәлелдеп жатты. Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды Ілияс Шапағат жеңіп алса, 2-ші орынды Сыздықова Камила, ал 3-ші орынды Балтабаева Гүлзат місе тұтты.

Екінші бағытта оқушылар өздерінің ғылыми жұмыстары бойынша сынға түсіп, зерттеу жұмыстарын ортаға салды. Осы сайыста 1-ші орынды Карманова Сандуғаш, 2-ші орынды Ақжолов Даниярбет, 3-ші орынды Зейнулова Равиза ұтып алды.

Ал үшінші бағытта: «Білімді зерек адам болам!» – десең, Қара өзіңді басқаның айнасынан» атты Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы бойынша эссе жазу жарысы өтті. Осы сайыста 6-сынып оқушысы Сапан Сәттігүл жас та болса, өзінен жоғарылас сыныптағы аға-апаларының алдын орап, жазған туындысының терең философиялық ойға жетелейтіндігімен, әрі мазмұнының терең, жан-жақты жазылғандығымен қазылар алқасын тәнті етті. Қалған орындарды Бахитова Диана және Соколов Руслан бөліп алды.

Әділ қазылар алқасы құрамында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., проф. Н.Қ. Жүсіпов, Мәшһүртану ҒПО-ның директорының м.а. А.Ж. Көпеев, аудандық «Тереңкөл тынысы» газетінің редакторы Камзин Ербол Аманғазыұлы төрешілік етті.

Сол сияқты өз оқушыларын үкілеп дайындап келген мұғалімдер де назардан тыс қалмады. «Ұстаздық еткен жалықпас» номинациясымен жүлделі орын алған балаларды дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де марапатталды.

Жарыс барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық еңбегі, сол сияқты ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектерінен әдеби көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Сайыс соңынан Мәшһүртану ҒПО тарапынан «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби-мәдени мұралары – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының бір негізі» атты семинар ұйымдастырылып, ұстаздардың білімі мен біліктілігін ұштау үшін ақынның өмір жолы, оның еңбектері, мәшһүртану саласындағы көкейкесті мәселелер, оқушылардың ғылыми жобасын жазу, зерттеу, «Мәшһүртану» таңдау пәнін оқыту т.б. тақырыптар бойынша дәрістер оқылды.

Жоғарыда аталған мектеп директоры Ж. Билялова өз сөзінде оқу орнында оқушыларға «мәшһүртану» пәнінің оқытылып жатқанын айтып, келешекте «Мәшһүр Жүсіп сыныбын» және Мәшһүр Жүсіп атындағы мұражай ашатындығын жеткізді.

Мәшһүртану ҒПО