С.Торайғыров ат. ПМУ-дың ғылыми кітапханасында ақын әрі мысал өнерінің шебері Иван Крыловтың 245 жылдығы мен жазушы, фольклоршы Павел Бажовтың 135 жылдығына орай студенттік «Шабыт» ақындар клубының отырысы өтті.

Отырыста белгілі әдебиет қайраткерлерінің өмірі мен отбасылары, шығармашылық белестері хақында сөз өрбітті.

Павел Бажов – орыс халқының әрі кеңестік дәуірдің жазушысы, оралдық фольклорды жинастырып, оларды әдеби өңдеуден алғаш өткізген фольклоршы. Жазушының мерейтойына орай университет кітапханасының Көркем әдебиет бөлімі «Чародей малахитовых былей» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

«Шабыт» ақындық клубының белсенді мүшелері Айдана Пазылова мен Аида Еділжанованың (РЭИТ-202 тобы) айтуынша, кітап адамға өмір бойына ақыл қосар серік болады, өмірдің кез келген қиыншылықтары мен шешім қабылдайтын жауапты қадамдарында кітап әрдайым көмекке келеді екен. Орыс филологиясы кафедрасының студенті Альбина Абдулина да өз сөзінде: «Өмірлік қиын сәттерде кітап бізге сенімді дос болып, келелі кеңестерін бізден аяған емес. Кітапқа қашанда сенуге болады», - деп ағынан жарылды.

Сонымен бірге, студенттер Иван Крыловтың мысалдары бойынша театрландырылған қойылымдар қойды. Олар көпшілікке «Шегіртке мен құмырсқа» (Әйгерім Козкина, Наталья Косенкова), «Айна мен маймыл» (Чапанова Лидия, Абдулина Альбина), «Арыстан мен барыс» (Пазылова Айдана, Нигматулин Рустам) мысалдарын ұсынды. Бүгінде Крыловтың мысалдары әлемнің 60 тілінде сөйлеп, адамзатқа мейірімділік пен шыншылдық, адалдық пен еңбекқорлық тағы да басқа ізгі қасиеттерді насихаттап келеді.

Кеш соңында Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасының қызметкері Елена Лиханова отырыс жұмысын қорытындылады. Оның пікірінше әдебиет қай заманда болсын, тіпті бүгінгі заманауи дәуірде де адамзатқа өзін-өзін тануға, қоршаған ортасын танып-білуге, ақиқатқа, бақытқа кенелуге жол іздеп, өткен күндерге құрметпен қарауға көмектесіп келген құрал. Елена Анатольевна: «Кітап қашанда адамның буырқанған әрі шұбар шырмаулы ойлары, сезімдері, оқиғаларының жетегінде кетпеуге, дүниеге, адамзатқа деген махаббаты ұялататын, адам санасы мен жүрегіне қанат бітіреді, деп бір кездері айтқан М.Горькиймен толық келісемін. Шынында кітап - адам санасына азық болатын дүние», - деп мәлімдеді.