С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Самал» қоғамдық оңалту орталығының балаларына көлік» атты қайырымдылық марафонына қатысты.

Жоба мақсаты: автокөлікке қажетті қаражатты жинау, мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесіне қоғам жұртшылығының назарын аудару, ауыр науқастанған балалардың мұқтажына материалдық көмек ұсыну.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен қызметкерлері 127 332 теңге жинады. Университеттің бас ғимаратындағы асханада оқытушылар, қызметкерлер мен студенттердің өз еркімен қаржы жинау үшін арнайы жәшік орнатылды. Жиналған сома «Самал» орталығының ата-аналар комитетінің төрайымы Ләззат Мұхтарқызы Сәбитоваға табыс етілді.

Павлодар мемлекеттік университетінің Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер бөлімінің қызметкерлері «Самал» орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларының мәселелеріне бей-жай қарамағандары үшін барша әріптестеріне алғыстарын жеткізді. «Мүмкіндігі шектеулі балдырғандарға жанашырлық танытқанымыз – олардың өмірін қызықты, толыққанды әрі шаттыққа толы еткеніміздің бір белгісі», - деп мәлімдеді бөлім басшысы Дана Мұхаметжанқызы.

Ерекше алғыстарымызды қайырымдылық қоржынына 20 700 теңге салған Энергетикалық факультет пен 19 500 теңге жинаған Қаржы-экономикалық факультет студентері мен оқытушыларына білдіреміз. Ал, Агротехнологиялық факультет студенттері (ТПП-102, ТӨТ-101, Агр-301, ЛРиЛ-102, Бт-301, ТППЖ-302, ТППЖ-402, ТППЖ-401, ТППЖ-301, ТППЖ-201, ТППЖ-102 топтары) 29 950 теңге жинап ізгілік марафонына белсене атсалысты. Қайырымды істің басы-қасында жүрген студенттер Ернұр Сағынтай (МШӨӨТ-201), Азамат Қасымов (ТППЖ-302), Ғабит Ғафиз (МШӨӨТ-301 тобы) қайырымдылық жасауды имандылықтың, тәрбиеліліктің және парасаттылықтың айқын көрінісі деп есептейді.