2014 жылдың 4 ақпанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті студенттік өзін-өзі басқару аясында «Ардагерлерге көмек» акциясын өткізді.

Акция аясында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың белсенді студенттері университеттің Тарих және құқық факультетінің ардагер-ұстазы Елеужанова Гүлмира Батталқызына барып, үй шаруасына көмек көрсеткен болатын.

Бұл акцияның басты мақсаты жас ұрпаққа ардагерлерді үлгі ете отырып, жастарды еңбексүйгіш, мейірімділік рухта тәрбиелеу және адамгершілік қасиетке баулау болып табылады.

Акцияның барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Жастар ісі жөніндегі комитеті болашақ ұрпаққа білім беру саласында тынбай еңбек еткен кешегі ұстаз, бүгінгі үлгі тұтар қария Гүлмира Батталқызына барып, ауладағы қарды тазалау, үйдегі кілемдерді қағу, еден жуу сияқты жұмыстарды атқарған болатын.

Соңында ардагер-ұстаз С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың белсенділеріне өзі дайындаған асынан дәм татқызып, шексіз алғысын білдірді.

«Осындай кішкентай көмектерің арқылы сендер біз сияқты ардагерлерді ұмытпай, керісінше бізге қамқор болатындарыңды көрсеттіңдер. Біздің жаста бұл жұмыстарды атқару қиынға соғады. Бүгінгі жасап жатқан істеріңе нұр жауып әрі қарай да осындай жолда жұмыс істей беріңдер. Сендерге алғысым шексіз! Біздерді ұмытпағандарың, келіп көмектескендерің, бізді осыншама көп жыл бойы еңбегіміздің ақталғандығының бір себебі», – деп Гүлмира Батталқызы көзіне жас алып, белсенді студенттерге өз алғысын айтқан болатын.