С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар мен ЖОО қызметкерлері арасында кәсіби біліктілікті арттыру ұдайы жүріп отырады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың біліктілікті жетілдіру секторының мәлімдеуінше 2013 жылы 65 маман кәсіби біліктілігін арттырды. Оның ішінде 27 маман ҚР ірі жоғары оқу орындарында, 11-і РФ белгілі ЖОО-да, 2 маман Беларус ұлттық техникалық университеті мен Туризм университетінде (Белорус республикасы), 1 адам Синьцзян университетінде кәсібін жетілдіріп, білікті маман атанды.

«ҚР Білім беру жүйесінің Ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының «Өрлеу» АҚ жоспарына сәйкес С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың 24 оқытушысы өз біліктіліктерін арттырды. Сонымен қоса, университет оқытушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мақсатында шетелге 3 оқытушы жіберді: Ұлыбританияға – 2, Португалияға – 1 (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен іске асты).

2014 жылдың қаңтарында біліктілікті арттыру курстарынан Павлодар мемлекеттік университетінің келесі ғалымдары өтті: Қуандық Сақанов (сәулет-құрылыс факультеті) – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Бақытгүл Салимжанова мен Светлана Хасенова (қаржы-экономикалық факультет) – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Владимир Рындин (металлургия, машинажасау және көлік факультеті) – Омск мемлекеттік техникалық университеті (РФ), Шолпан Жұмадина (химиялық технологиялар және жаратылыстану факультеті) және Гүлжан Артықбаева (Тарих және құқық факультеті) – Георга Август атындағы Гете университеті.

Университеттің оқытушылардың біліктілігін арттыру жоспарына сай 2014 жылы кәсіби біліктілігін жетілдіру курстарына 97 маман, оның 70-і ПОҚ қатарынан және 27 ЖОО қызметкерлері жіберіледі.

Жалпы, біліктілікті арттыру курстары жоғары деңгейде өтеді. Оған біліктілігін арттырып келген мамандардың С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры атына өткізілетін есептері дәлел бола алады. Өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылысы кафедрасының меңгерушісі Қуандық Сақановтың айтуынша біліктілікті арттыру курстарынан ол алдағы жемісті жұмысы үшін қажетті жаңа инновациялық технологияларды қолдану әдістері мен көптеген әдістемелік материалдарды алып келіпті. Қуандық Сақанов: «Бұл материалдар менің жұмысыма көмекші құрал ғана емес, әлемдік жаңа технологияны тануға, қолдануға мүмкіндік береді», - деді.

Әріптестерімен кәсіби тәжірибелерімен, әсерлерімен бөлісу мақсатында Павлодар мемлекеттік университетінде бірнеше іс-шараларды өткізу жоспарда бар. Біліктілігін арттырып келген оқытушылардың қатысуымен дөңгелек үстел, брифингтер өткізу көзделуде. Аталмыш шаралар әр тоқсан және факультеттер бойынша атқарылатын болады.