С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Физика және аспап жасау кафедрасында Қазақстанның белгілі ғалымдарының бірі, ф-м.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің Техникалық физика кафедрасының меңгерушісі Садритен Тілеукеновтың ғылыми мектебінің семинары өтті.

Семинар барысында дарынды ғалым студенттермен Англияда өткен ғылыми семинарда тәжірибе жасаған тың зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.

С.К. Тілеукеновтың ғылыми мектебінің атқарған еңбектері заманауи теориялық физика әдіснама саласында жоғары бағаға ие. Ол матрицант әдісінің жаңа ғылыми бағытының авторы. Матрицант әдісі плазма қозғалысы тепе-теңдігінің дифференциалды жүйесі фундаменталды шешімдердің математикалық әдісіне жатады.

Ғылыми мектептің ғалымдары ф-м.ғ.к., доцент, Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испулов, ф-м.ғ.к., Физика және аспап жасау кафедрасының меңгерушісі Марат Жүкенов, ф-м.ғ.к. Талғат Досанов осы тақырыптағы зерттеуді магистрлық және докторлық жұмыстарына арқау етіп келеді.