С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Данияр Мергалиев пен кафедра студенттері Алтай мемлекеттік мәдениет және өнер академиясында (РФ, Барнауыл қ.) өткен халықаралық семинарға қатысты.

Семинарда Данияр Мерғалиұлы «С.Торайғыров атындағы ПМУ-дағы қосарлы оқыту жүйесі» тақырыбында (Орындаушылық өнер кафедрасының жұмыс мәліметтері бойынша) баяндама оқыды. Сонымен бірге, павлодарлық өнертанушы өнертану ғылымдарының докторы, РФ еңбегі сіңген өнер қайраткері, П.И. Чайковский атындағы Москва консерваториясының профессоры В.М. Щурованың және Бүкілресейлік байқаудың дипломанты, өнертану ғылымдарының кандидаты, Краснояр мемлекеттік музыка және театр академиясының профессоры С.Г. Чайкинаның шеберлік класына қатысып, тәжірибе алмасты.

Д.М. Мерғалиұлы шара барысында Алтай мемлекеттік мәдениет және өнер академиясының ректорының м.а. әрі Ғылым және халықарлық байланыстар проректорымен кездесіп, ЖОО арасында екі жақты іскерлік мәселелер турасында сөз қозғады.

Семинар шеңберінде Павлодар мемлекеттік университет өкілдері рождестволық милат мерекесіне арнап ұйымдастырылған халықаралық байқау фестиваліне қатысты. Фестивальде С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері келесі жүлделерге ие болды:

«Халық әндері» номинациясы бойынша гран-приді Абдиюсупов Айдын (ИИ-401 тобы), жетекшісі К.М. Балжанова, «Фортепиано» номинациясында дипломант атанған Зейнеп Тоқпанова (ИИ-302 тобы), жетекшісі Г.К. Сулейменова, «Аспапта орындаушылық» номинациясы бойынша құрмет грамотасымен марапатталған Абдалимова Жанель (Орындаушылық өнер кафедрасының түлегі).