С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Естай атындағы Мәдениет сарайында өткен «Жасыл ел» жастар және студенттік құрылыс жасақтары слетінің облыстық салтанатты жабылу рәсіміне қатысты.

Шара барысында әрбір жасақтың жұмысы қорытындыланып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері жарияланды.

Облыстық штабтың тағайындауымен келесідей номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды: «Ең үздік жасақ», «Ең үздік сарбаз», «Ең үздік командир». Жеңімпаздар еңбек маусымының барысында атқарған жұмысына байланысты іріктелді. Үздік болып танылған жастарға құттықтау сөзді облыс әкімінің атынан облыс әкімінің орынбасары Арын Орсариев жеткізді.

«Ең үздік командир» болып С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері, атап айтсақ, «Жылу энергетикасы» кафедрасының студенті, студенттік құрылыс жасағының командирі Равдал Ержанат және «Журналистика» кафедрасының студенті, үгіт-насихат жасағының командирі Ахметов Тимур танылды. Жүлделі орын иегерлеріне Арын Амангелдіұлы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ел болашағына ат үсті қарап отыра алмайтын осындай жастардың қатары облысымызда жылдан-жылға артып келеді. «Жасыл ел» – дәл осындай жастарға үлкен мүмкіндік. Жүрегі «елім» деп соғып тұрған жалынды жастар барда, біздің еліміздің жалауы әрдайым көкте желбірейтіні сөзсіз.