С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың География және туризм кафедрасының студенттері, магистранттары мен профессорлық-оқытушылар құрамы «Ең үздік көрмелік стенд» дипломымен марапатталды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің География және туризм кафедрасының студенттері, магистранттары мен профессорлық-оқытушылар құрамы Павлодар облысы туристік мүмкіндіктерінің көрмесі шеңберінде өткен ІІІ облыстық көрмеде шараға белсенді атсалысқаны әрі мағыналы да ерекше стенденттік көрме экспозициясын ұсынғаны үшін «Ең үздік көрмелік стенд» дипломымен марапатталды.

Көрменің мақсаты – ішкі туризмнің дамуы, Павлодар облысының туристік имиджін қалыптастыру, және де іскерлік пен серіктестік байланыстарды орнату.

Көрме экспозициялары облыстың туристік ұйымдары мен ұжымдарының басын бір арнаға тоғыстырды. Туристік операторлар мен туристік агенттіктер, пансионаттар мен денсаулықты оңтайландыратын санаторилер, музейлер мен мұражайлар, туристік тауар өндірушілері барлығы бүгінгі туристік жәрмеңкеде бас қосты. Көрмені ұйымдастыру жұмыстарына С.Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен «Туризм» және «География» кафедраларының студенттері мен магистранттары белсене қатысты.

Көрмеге қатысушылар Павлодар облысының туристік мүмкіндіктерін аша түсетін жарнамалық-ақпараттық мәліметтер бейнеленген көрмелік стендтері мен шеберлер қолынан шыққан естелік бұйымдарын ұсынды.

Айтулы шара туристік операторларға өңіріміздің туристік өнімдерін кеңінен және толыққанды танып-білуіне жағдай туғызды. Сонымен бірге, еліміздегі ірі туристік компаниялардың жұмыс тәжірибесімен жақыннан танысып, туризм индустриясындағы жаңалықтардан да хабардар болуға жол ашылды.