2013 жылдың 29 қарашасында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің спорттық залында студентік өзін-өзі басқару аясында ПМУ-дың Жастар ісі жөніндегі комитеті Тұңғыш Президент күніне арналған үстел теннисінен турнир өткізген болатын.

Бұл турнирдің мақсаты жастарды салауатты өмір салтына шақырып қана қоймай, елімізде екінші жыл ғана тойланып жатқан Тұңғыш Президент күні еліміздің маңызды мерекелерінің бірі екенін көрсету.

Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылдың 1 желтоқсанында, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді.

Мемлекет басшысы жеке үлгісімен саламатты өмір салтын және спортпен шұғылдануды белсене насихаттайды. Ол үшін сүйікті спорт түрінің бірі – теннис. Нұрсұлтан Назарбаев ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады.

Бұл турнирге С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың 20 студенті қатысты. Бас әділ-қазы ретінде «Сұңқар» ПМУ Спорт кешенінің оқытушылары болды. Жалпы сайыс қызықты әрі шытырманға толы 4 сағатқа созылды. Турнирге қатысқан барлық студенттер және жеңіске жеткен әр ойыншы алғыс хаттармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені ФММиТ факультетінің НГД-202 тобының студенті Камиев Амир ұтып алған болатын.