ПМУ профессоры әрі белгілі ұстаз-сазгер мерейтойында С.Торайғыров атындағы ПМУ әнұранының тұсауы кесілді

2013 жылдың 28 қарашасында Павлодар қаласы жұртшылығы белгілі ұстаз, дарынды сазгер, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері Назымбек Дүкенбай Сәбитұлының мерейтойын атап өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында сазгердің шығармашылық кеші барысында Назымбек Дүкенбай Павлодар облысы әкімінің «Павлодар облысына еңбегі сіңгені үшін» медалімен марапатталды. Кеште Назымбек Сәбитұлының әніне жазылған С.Торайғыров атындағы ПМУ әнұранының тұсауы кесілді.

Ол өз әндеріне фонограмма жазып, жергілікті ақындар мен суретшілермен бірлесе еңбек етеді. Қоғамның өміріне белсене атсалыса жүріп, өңірімізде өтетін көптеген өнер мерекелері мен бәйгелердің басы-қасында жүреді. Облысымыз бен қаламыздың бала-бақшаларының музыкалық жетекшілері мен орта мектептердегі музыка пәні мұғалімдерінің біліктілігінің арттыруына қатысып, музыка саласының мамандарына шеберлік кластар ұйымдастырады.

2003 жылдан бері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етіп келеді. 2001 жылы табысты еңбегі үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2004 жылдан бері Республикалық оқу-әдістемелік секция мүшесі. Жоғары мектептер арасында екі рет «Үздік музыка пәні мұғалімі» атты республикалық байқау өткізеді. 2003 жылдан бері 20-дан астам оқу құралы мен әдістемесі, 16 ғылыми еңбегі шықты. ЖОО музыка мамандықтарына арналған «Музыкалық білім беру теориясы», «Музыкалық білім беру психологиясы», «Музыкалық білім беру іс-әрекеті» сынды оқулықтарды жасады. Бастауыш сынып оқушыларына музыка пәнін оқытудың балама авторлық бағдарламасын жасап шығарды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында өткен танымал ұстаз-сазгердің шығармашылық кешінде «Әль-аки» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Виктор Шейкиннің жетекшілігіндегі джаз ансамбль өнер көрсетті. Мерейтой иесін әріптестері мен шәкірттері құттықтап, әуезді әнмен шашу шашты. Павлодар мемлекеттік университетінің Орындаушылық өнер кафедрасының хоры, «Ньюанс» тобы, халықаралық байқаулардың лауреаты «Низам» тобының өнері кештің шырайын келтіре түсті. Назымбек Сәбитұлының әніне жазылған әндерді жиылған қауым қаныға тыңдап, өнер сүйер көрермен шат-шадыман көңілмен тарқасты.