С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай 2013 жылдың 18 қарашасынан бастап шаралар жинағы басталды.

2013 жылғы қарашаның 18-29 аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттарына «Қазақстан мемлекетінің қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» және «Мемлекеттік қалыптасудың тарихы» тақырыптары бойынша дәрістер курсы оқылады. Дәріскерлер – қ,ғ.к. Б.Х.Олжабаев және т.ғ.к. Т.Н. Зозуля.

2013 жылдың 20 қарашасынан 28 желтоқсанына дейін «Назарбаев – ҚР мемлекеттік Тәуелсіздігінің негізін қалаушы», «Елбасы», «Қоғамның әлеуметтік жаңғыруы» және т.б. тақырыптарда студенттік жұмыстардың байқауы өтеді.

25 қараша күні «Президент – ҚР Тәуелсіздігі дамуының кепілі» атты дөңгелек үстел өз жұмысын бастайды.

Сол күні С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың бас оқу ғимаратының фойесінде Егеменді Қазақстанның дамуы мен қалыптасу кезеңінде ел Көшбасшысының тарихи рөлін мақсат тұтқан «Жаңа заманның лидері» кітап көрмесі өтеді. Көрме ұйымдастырушылары С.Торайғыров атындағы ПМУ С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың қызметкерлері 400-ге жуық кітап пен кітап қоры залынан алынған мерзімдік басылымдарды көрмеге дайындады.

Көрме жеті бөлімнен тұрады. «Менің Қазақстаным – менің келешегім», «Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері», «Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі», «Мемлекет және Президент», «Н.Ә. Назарбаев – ел бірлігінің негізін қалаушы», «Президент және жастар», «Н.Назарбаев – Ғасыр Адамы» атты бөлімдерді қарастыратын аталмыш көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевты жан-жағынан танып-білуге өз септігін тигізетіні хақ.

«Жаңа заманның Лидері» көрмесі С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында 2013 жылдың 1 желтоқсанына дейін оқырмандар үшін қызмет ететін болады.

2013 жылдың 28 қарашасында кино сүйер қауымға ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолын айшықтайтын «Балалық шағымның аспаны» атты фильм көрсетіледі.

2013 жылдың 29 қарашасында «Дені сау ұлттың рухы асқақ» ұранын ту еткен спорттық жарыстар өтетін болады. Осы күннің бағдарламасы «Тұңғыш Президент» тақырыбында интеллектуалды ойынмен жалғасын табады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қабырғасында ҚР Тұңғыш Президенті күнінің құрметіне орай тәуелсіз және дамушы мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының қалыптасу және даму кезеңдеріндегі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлі мен маңыздылығын айшықтай түсетін шаралар өтетін болады.