С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Туризм» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері Павлодар облысының Туризм басқарамасы мен «Эком» қоғамдық қорымен бірлесіп атқарған «Туризм, алға» көрмелік олимпиадаға қатысты.

Шара жастар арасында патриоттықты дамыту, Павлодар облысы туризмінің дамуының келешегіне жастарды тарту арқылы туған өлкесіне деген ыстық сезімдерді ояту мақсатын арқалады. Олимпиада қалың көрермендер назарында шоу бағдарлама аясында өтті.

Олимпиаданың байқау тапсырмалары бойынша Қазақстанның туристік объектілері мен ЮНЕСКО тізіміне енгізілген дүниежүзілік мұралар турасында жедел викториналар ұйымдастырылды. Байқаудың «Павлодар облысының туристік өнімі» атты үй жұмысы тапсырмасында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенттері «Балалар мен жасөспірімдер туризміндегі туристік өнімді өндіру» тақырыбында презентацияларын ұсынды. Аталған жоба байқау ұйымдастырушыларына тұтынушы үшін өте тиімді және пайдасы зор жұмыс ретінде бағаланды.

Байқау жұмыстарын Павлодар облысы туризм басқармасы, Павлодар географиялық қоғамдастығы мен Павлодар облысы туристік фирма өкілдері сараптап бағалады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің туристер құрама командасы бағалы және естелік сыйлықтармен, сертификаттар мен құрмет грамоталарымен марапатталды.