С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында Павлодар облысы «Қазақстан кәрістері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігімен кездесу өтті.

«Қазақстан кәрістері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Раиса Афанасьева корей халықтарының салт-дәстүрлері жайында жиылған көпшілікті қызықты мағлұматтармен қанық етті. Жастар корей ұлттық киімдерін киіп, «ханбок» аталатын ұлттық киім туралы әңгімелеп берді. Сонымен бірге, шара шеңберінде «Отанымыз бір, тағдырымыз бір» атты кітап көрмесі мен бейбітшілікті жаны сүйетін корей халқы мәдениетінің ерекшеліктері турасындағы бейне баян көрермен көзайымы болды.

Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Нарзангүл Канапина, Қымбат Мұқанова корей ұлттық әнді нақышына келтіре орындап шықты. Гүлнар Ауталипова көркемдік жетекшілік ететін «Аньен» ансамблі корей ұлттық билерін ұсынды.

Шара барысында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлкеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкері Елена Лиханованың айтуынша бұл кездесуде студенттер корей халқы мәдениетін әр қырынан сезінуге, түсінуге мүмкіндік алды деп есептейді. «Мұндай кездесулер Отанымызда өмір сүріп жатқан көптеген ұлттардың бір-бірімен бірлікте, ынтымақтастықта болуына ықпал етеді. Және де, бір-біріміздің мәдениетіміз, дәстүрлеріміз туралы мағұлматтарды білетін боламыз. Шараның бағдарламасы корей мәдениетінің ең қызықты да айшықты жақтарын тануға шақтап жасалған. Бүгінгі жиынға қатысып отырған жастарымыз корей ұлтының тілі, салты, тұрмысы сияқты тақырыптарды қозғап кетті. Сонымен қатар, студенттер корей ұлттық ойындарын ойнап, олардың өнерімен, қолданбалы өнерімен танысты», - деп мәлімдеді Елена Анатольевна.