2013 жылдың 20 қарашасында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері атақты жерлесіміз, аты әлемге әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірлік іс-әрекетіне арналған көркем суреттер көрмесіне қатысты.

Ұлы ғұламаның өмірлік естеліктеріне арналған шара – Павлодар облыстық Көркемсурет музейінде өтті.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық және қалалық әкімдіктің өкілдері, қалалық зиялы қауымы, С. Торайғыров атындағы ПМУ әкімшілігі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, атап айтсақ, Қазақстан Республикасының өнер саласына еңбек сіңірген қайраткері Өсербай Шоранов және Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі Әнуар Игембаев қатысты.

Көрмедегі жұмыстардың авторлары – С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері. Оларды бағалайтын комиссия құрамына ПМУ әкімшілігі және танымал суретшілер кірді.

Комиссия таңдаған ең үздік жұмыстар 2013 жылдың 21 қарашасында ПМУ концерттік залында өтетін «Мәшһүр Жүсіп – әлемдік Ғаламат» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында жарияланып, үздік деп танылған авторлар арнайы марапатталады.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің музыкалық жетекшісі Н.Б. Қойшыбаев және Павлодар мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Ғабит Ғафиз домбырада күмбірлете күй орындады. Сонымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармониясының әншісі Әсел Ботаеваның орындауындағы әсем әуен кештің сәнін берді.