2013 жылдың 23 қазанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстан Республикасының халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Н.Г. Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының профессоры Евгений Михайловтың шығармашылық кеші өтті.

Халықаралық тәжірибе алмасу мен білім сапасын арттыру мақсатында С. Торайғыров атындағы ПМУ шетелдік ғалымдар мен ұстаздарды шақыртып тұрады. Осы бағдарламаның аясында атақты пианиношы Евгений Михайлов 2013 жылдың 14-27 қазан аралығында ПМУ-дың «Орындаушылық өнер» кафедрасының студенттеріне дәріс оқуда.

Евгений Михайлов әлемнің түкпір-түкпірінде концерттерін берген. Нақты айтсақ, Оңтүстік Америка мен АҚШ-тан Қытайға дейін, яғни «Civic Auditorium» залында (Лос-Анджелес), «Steinway Hall» залында (Нью-Йорк), Берлин филармониясының залында, Миландағы Дж. Верди атындағы консерваторияның залында, Париждегі «Salle Cortot» залында, Лондондағы «St.Martin-in-the-fields» шіркеуінде, «City Hall» залында (Гонконг), «CRR Сoncert Hall» залында (Стамбул) және басқа да атақты залдарда концерт берген.

Евгений Владимирович бірнеше рет ресейлік және халықаралық байқаулардың қазылар алқасының мүшелігіне енгізілді. Сонымен қатар, Е. Михайлов Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Швеция, Норвегия, Эстония және басқа да елдерде семинарларын, шеберлік кластарын, ашық сабақтарын өткізуде. Михайловтың студенттері де – халықаралық байқаулардың лауреаттары. Олар да бүгінгі таңда ұстазы сынды концерттерін береді және дәрістерін оқиды.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Данияр Мерғалиевтің айтуы бойынша, Евгений Михайлов секілді атақты музыканттың шеберлік сабақтары ПМУ студенттеріне әлемдік мәдениетті де тереңірек білуге бірегей мүмкіндік береді.