С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Академик С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында қазақтың ақиық ақыны С. Торайғыровтың 120 жылдығына арналған «Жақсылық көрсем – өзімнен» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

С. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.

Ақын аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.

ПМУ студенттері ақынның шығармашылығы жайлы біліктілік көрсеткен. Кешке қатысушылар, олардың ішінде «Шабыт» поэтикалық клубының мүшелері, С. Торайғыровтың «Орамалға», «Туған еліме», «Тұрмысқа», «Алты аяқ», «Қамар-сұлу» романының үзіндісін мәнерлеп оқыды. Қазақ ұлттық музыканың кәсіби үлгісі, қазақтың күйлері кештің сәнін келтірді.

Кештің соңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Академик С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың қызметкері Елена Лиханова виртуалды кітап көрмесін ұсынып, өз сөзінде: «Мұндай шараларды өткізу жас өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Аталмыш кештер жастарды отансүйгіштікке, ұлы бабаларымызға тағзым етуіне зор ықпал етіп, жастарды әдебиетке бір табан жақындатады», – деп айтқан болатын.