2013 жылдың 9 қазанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ақын, драматург, аудармашы Қ.Бекқожиннің 100 жылдығына орай «Қалижан Бекқожиннің шығармашылығы және қазіргі қазақ поэзиясы» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында жұмысын бастаған аталмыш ғылыми-практикалық конференцияның салтанатты ашылуында университет ректоры Серік Өмірбаев қазақ әдебиетінің саңлағы Қалижан Бекқожин шығармашылығына жоғары баға берді. Ол: «Қалижан Бекқожин қазақ әдебиетіндегі алтын дәуірдің ұлы ақындарының тұяғы. Ол ақындық өнерімен ғана емес, көптеген пьесалардың авторы, публицист, әдеби сыншы, дарынды аудармашы. Әлем әдебиеті майталмандарының туындыларын қазақ тілінде сөйлетті», – деді.

Павлодар облысы әкімі Ерлан Арын конференцияның пленарлық отырысы барысындағы сөзінде : «Қалижан Бекқожинді жай ғана жазушы, ақын деп қарастыру аздық етеді. Ол сөз өнерінің шырақшысы, жаршысы деуге келеді. Қалижан Бекқожин отызыншы жылдардағы кеңестік әдебиетті өзінің толайым еңбектерімен жаңа қияға өрлеуіне септігін тигізді. Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғани Орманов сынды қазақ әдебиеті саңлақтарының соңынан еріп, өз есімін мойындата білген жазушы», – деп мәлімдеді.

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақынның жұбайы Зайра Бекқожина, Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің басшысы Дархан Мыңбай, Азербайжан Республикасының Жазушылар одағының бірінші хатшысы Фикрет Годжаев, Еуразиялық Жазушылар одағының мүшесі Ибрагим Ерийгит (Туркия), ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Республикасының Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Есдәулет Ұлықбек, «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Жарасбай Сүлейменов, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Жанай Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің «Телерадиокешен» АҚ басшысы Ерлан Бекқожин, ақын, ақынның туысы Ибрагим Исаев, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшіидин Паттеев ақын өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамаларын ұсынды.

Сонымен қатар, конференция жұмысына ҚР еңбегі сіңген қайраткері, жазушы, ф.ғ.д. Тұрсынбек Кәкішұлы, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д. Бауыржан Омаров, Батыс Қазақстан облысы Жазушылар одағының басшысы Ақұштап Бахтыгереева, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д Рақымжан Тұрысбеков қатысты.

Конференция аясында Қалижан Бекқожин өмірі мен шығармашылығына арналған сайт конференцияға қатысушылардың назарына ұсынылды, және де ақынның қазақ әдебиетіндегі рөлі, өз заманындағы тұлғалық портреті, ақын шығармашылығындағы халық тарихы, заманауи қазақ әдеби тілінің мәселелерін қарастырды.

Конференция соңында Қалижан Бекқожиннің ұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Телерадиокешен» АҚ басшысы Ерлан Бекқожин С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттері еншісіне Қалижан Бекқожин атындағы атаулы білім стипендиясының бекітілгені турасында жиылған қауымға сүйінші хабарын жеткізді.