С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қазақтың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120 жылдығына орай облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Айтыс-қазақ халқының маңдайына біткен мыңжылдық тарихы бар, ұлтымыздың ежелден келе жатқан төл өнеріміздің бірі. Осы өнерді дәріптеу мақсатында Студенттік кәсіподақ ұйымы мен «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың концерттік залында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120 жылдығына орай облыстық жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа облыстың дүлдүлдері мен топқа енді қосылып жатқан жас ақындар қатысты. Павлодар қаласы және Баянауыл ауданынан 10 ақын қатысты.

Бірінші айналымда 5 жұп айтысып, оның төртеуі 2-ші айналымға өтті. Әділқазы құрамында ф.ғ.д., ПМУ профессоры Айтмұхамбет Тұрышев, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, «Ертіс дидары» газетінің редакторы, ақын Арман Қани, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Найзатас» журналының редакторы Ғалымбек Жұматов, облыстық «Регион.kz» жастар газетінің тілшісі, ақын Жарқынбек Амантай және облыстық Павлодар радиосының тілшісі Бекболат Сауырбай болды. Әділқазылар шешімімен «С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының арнайы жүлдесіне» университетіміздің 1 курс студенті Айдын Мейрам ие болды. Жүлделерге ие болған ақындарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Айтыс жастардың көңілінен шығып, үлкен құрметке ие болды.