С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Халықаралық Қариялар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Қалыптасқан игі дәстүр бойынша іс-шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ әкімшілігі, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және облыс ардагерлері қатысқан.

Жыл сайын 1 қазанда әлем жұртшылығы Қариялар күнін атап өтеді. Бұл тамаша дәстүр ардагерлердің қоғам өмірін дамытуға қосқан үлесін атап көрсетсе, екінші жағынан аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық болып табылады.

ПМУ-да ұйымдастырылған іс-шараның барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Даму стратегиясы және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев қарияларға ғұмырлары ұзақ, баянды да берекелі болсын деп лебізін айтып, былай деді: «Жасы асқан адамдарға құрмет көрсету біздің халқымызда да ежелден бар. Себебі олар еліміздің алтын қоры, патриотизмнің үлгісін көрсетушілер, ортақ іске берілген және шыдамдылық пен оптимизмді сақтаушылар. Бұл адамдар бүкіл ғұмырын еңбекке, балаларды тәрбиелеуге арнаған. Олардан эстафета қабылдаған бүгінгі ұрпақ ата-аналарының бастаған ісін жалғастыруда. Сондықтан да осындай ерен еңбегі үшін қарияларға ризашылық білдіреміз. Олардың көбі әлі де қатардан қалған жоқ».

Мерекелік іс-шара ПМУ студенттік филармониясы ұйымдастырған концерттік бағдарламамен және бағалы сыйлықтардың табыс етілуімен өз жалғасын тапты.