2013 жылдың 17 қыркүйегінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының, Павлодар облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қатысуымен «Әйел және дін» атты республикалық форумы өтті.

Форумның мақсаты: қоғам және саясат ғылымдар тұрғысынан дін және әйелдер қарым-қатынасының әр алуан аспектілерін талқылау мақсатында пікір-талас алаңын ұйымдастыру.

Павлодар облысы әкімі Ерлан Арынның айтуынша бүгінгі форумға арқау болған тақырып күрделі де өзекті. «Шынайы дін ешқашанда қателеспейді, өйткені сенім шаңырақ, отбасы деген киелі ұғымнан бастау алады», – деп қадап айтты Ерлан Мұхтарұлы.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., С.Өмірбаев өз сөзінде «Әйел және дін» республикалық форумының Павлодар мемлекеттік университетінде өтіп жатқандағы ЖОО-ның жаңа белестерді бағындыруының белгісі екендігін және мемлекетіміз үшін тарихи маңыздылығын айырықша атап өтті.

Пленарлық отырыстарда заманауи қоғамдағы әйел мәртебесі мен әйел теңдігі қағидаттарының іске асыруы турасында баяндамалар оқылды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-да ұлттық бойжеткендерді ұлттық дәстүрлер негізінде және дүниетанымдық өрісін кеңейту үшін тәрбиелеу мақсатында «Қыз Жібек» клубының ашылумен форум өз жұмысын аяқтады.

Алдағы уақытта «Қыз Жібек» клубы базасының аясында өскелең ұрпақ пен алдыңғы буын апа, әпкелерімізбен кездесу алаңы болатын ұлттық тәрбие мектебін құру жоспарлануда.