2013 жылдың 25 тамызында Білім күні мерекесінің қарсаңында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде талапкерлерді қабылдау салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты кешке бір жарым мыңнан астам қалалық және аудандық мектеп түлектері қатысқан. Кеше ғана мектептің ұясынан шыққан талапкерлер өз ата-аналарымен келіп, ПМУ- дың студенттер қатарына қосылды.

ПМУ-дың концерттік залында жиналған талапкерлерге және олардың ата-аналарына салтанатты түрде студенттер тізімі жарияланған.

ПМУ-дың 9 факультет декандары талапкерлердің тізімдерін сахнадан оқып шықты. 1700 талапкер С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенттер қатарына қабылданды.

Салтанатты кешті ПМУ ректоры Серік Өмірбаев өз құттықтау сөзімен ашты. «С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті – аймағымыздың ең ірі оқу орындарының бірі. Сіздерге білім ордамызда іргелі білім алып қана қоймай, шынайы жоспарларыңызды сәтті жүзеге асыруға, шығармашылық әлеуетіңізді толық ашуға, келешек қызмет жолыңызды қалыптастыруға бірегей мүмкіндіктер беріледі», – деді Серік Мәуленұлы.