С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесінің мәжіліс залында Павлодар өңірінің белгілі тарихшыларының қатысуымен «Қазақстан Республикасының білім және тарих дамуының келешегі мен өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш іс-шараның өзегі – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» атты тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы болды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық серіктестікті жүзеге асыруына жағдай жасауды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейтуді, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруды, Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды айтуға болады.

Соған байланысты, ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында: «Біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуге тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады», – деген сөзін атап өтуге болады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-да өткен дөңгелек үстелге ПМУ ғалымдары, атап айтсақ, Дамыту стратегиясы бойынша және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев, Философия және мәдениеттану кафедрасының доценті, т.ғ.к. Гүлфайруз Жәпекова, т.ғ.к., Тарих кафедрасының доценті Қайрат Батталов, т.ғ.к., Тарих кафедрасының доценті Ернұр Рахимов, сонымен қатар, ПМПИ ғылыми жұмыс пен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, т.ғ.к. Әсем Ільясова, т.ғ.д., ПМПИ профессоры Гүлфира Өтепова, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, т.ғ.к. Арман Ешмұратов, Талдау және конфессияаралық қатынастар орталығының директоры, т.ғ.к. Гүлнәр Раздықова және де үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатысты. 

Дөңгелек үстел аясында тарихи фактілерді жүйелеу мен жіктеу қажеттілігі, Қазақстан тарихы бойынша жаңа оқулықтарды шығару, еліміздің тарихи методологиясына қайта қарау, бірыңғай ұлттық тарихи тұжырымдаманы шығару, тарих ғалымының менеджментін өткізу секілді мәселелер талқыға салынды.