2013 жылдың 1 маусымында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Университет күніне арналған мереке өтті.

Бұл мереке С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тарихында алғашқы рет болып жатқан оқиға.

ПМУ-дың Университет күні мерекесіне аса құрметті қонақтар ретінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев, университеттің бұрынғы түлегі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев қатысты.

Іс-шараның салтанатты ашылуы С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың алдындағы Естелік аллеясында орнатылған Керекудің ұрпағына мол мұра қалдырған қазақ даласының ұлы даналарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Содан кейін университеттің концерттік залында өткізілген ПМУ Ғылыми Кеңесінің отырысы барысында университет дамуына зор еңбек еткен профессорлар, үздік ғалымдар және студенттер «Білім берудің үздік қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымының дамуы үшін» төс белгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен, ПМУ әкімшілігінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйақыларымен марапатталды.

Сонымен қатар, Университет күні мерекесінің аясында мерекелік концерт, университет музейлеріне шолу, бұрынғы түлектермен кездесулер, ПМУ-дың стадионында спорттық шаралар және отшашу ұйымдастырылды.