С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Академик С.Бейсембаев атындағы кітапхананың Қазақ әдебиеті бөлімінде Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтың ерлігін жастарға насихаттау мақсатында әрі Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне орай тағзым кеші өтті.

Қазақтың біртуар азаматы 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүрген кезінде әскер қатарына алынып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейінгі кездерде, 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехославакия, Румыния, жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.

Ізгі шараның батушысы мен қолдаушылары - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы кітапхананың Қазақ әдебиеті бөлімінің қызметкерлері мен Қазақ филологиясы кафедрасының студенттері. Қазақ әдебиеті бөлімінің жетекші қызметкері Жүрсила Қайруллаева: «Мұндай шараларды өткізу жас өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Кейінгі ұрпақ ержүрек батырларымызды, жаужүрек тұлғаларымыздың ерлігін мақтан етуі тиіс. Аталмыш кештер жастарды отансүйгіштікке, үлкенге құрмет пен батыр бабаларына тағзым етуіне зор ықпал етеді», - деп ағынан жарылды.