2013 жылдың 1 ақпанында №24 жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Мәшһүр атын ардақтап» атты әдеби кеш өтті. Кешке С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы атсалысып,  қолдау танытты. Шара мектептің «Жаратылыстану мен математика» апталығы аясында ұйымдастырылды.

Павлодардың Ертіс өңірінен шыққан біртуар ақын, философ, ағартушы ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл 155 жыл толады. Танымал тұлғаның туған күніне өңіріміз белсене тойлауға кірісіп те кетті. Осы шара аясында өтіп отырған бұл әдеби кеш асыл да алып тұлғамыздың шығармашылығы мен ғылыми еңбектерін тағы бір паш етті.

Сөздің басын С.Торайғыров атындағы университеттің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері Нәйлә Анафина өзі ала отырып, былай деді: «Бұл игі кездесу дара да дарын иесі Мүшһүрдің мерейлі тойына арналған шаралардың алғашқысы. Бүгінгі мектеп оқушылары даламыздың ұлы тұлғаларының туындылары мен еңбектерінен сусындап өсуі қажет. Мәшһүр тағылымының мұрагерлері жастар – сіздерсіздер». 

Оқушылар әдеби кеш барысында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Студенттік филармониясының орындаушылары Әсел Ахметованың, Аубакиров Бахтиярдың, Макенова Заринаның орындаған күмбірлеген күйіне, саз сырнайдың дала үніне, саксофонның сиқырлы сазына тәнті болды.

Аталмыш әдеби шараны осыған дейін «Мәшһүртану» саласына сүбелі үлес қосқан, бірнеше ғылыми байқауларда жеңімпаз шәкірт дайындаған география пәнінің мұғалімі Тұңғышева Зәуреш пен дарынды, жас ақын 11 «А» сынып оқушысы Мұхтар Макишев С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылым департаментімен ұйымдастырылған М.Ж.Көпейұлының 155 жылдығына арналған шараға белсенді қатысқаны үшін марапатталды.  

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың "Мәшһүртану" орталығымен М.Ж. Көпейұлы өмірі мен шығармаларын терең танып білуді мақсат ететін мерейтойлық шаралар кешені жоспарланған.