Торайғыров университетінде KPMG және EGAR Technology мамандары, сонымен қатар, отандық IT-сектор өкілдерінің шеберлік сабақтары өтті. 

KPMG – Орталық Азиядағы «үлкен төрттік» компаниялары арасындағы ірі IT-кеңес беру командасы. KPMG in Central Asia атынан спикер ретінде Ксения Шойко, Ернұр Алпысов  қатысты. Олар университетте ақпараттық технологиялар, оның ішінде ІТ-аудит бойынша кеңес өткізді.
 «Parqour» компаниясының директоры Айдана Айтуарова ІТ-нарықтың трендтері туралы айтып берді. 
- Қызметкерлер, клиенттер, контагенттердің қашықтықтан әрекет ету формасының танымалдығы қолданыстағы бизнес-модельдерді жетілдіруге жетелейді. Бизнесті жүргізудің жаңа әдістерін енгізуге түрткі болады, - дейді ол. 

«Mindlab» ЖШС-нің жетекшісі Азат Күлжанов ІТ саласында бизнес ашу тәжірибесімен бөлісіп, кей қиындықтар мен оларды шешу жолдарын ортаға салды. Торайғыров университетінде ресейлік компаниялар тобы - EGAR Technology өкілдері де болды. Бұл кәсіпорын бағдарламалық қамсыздандыру, жүйелі интеграция, қаржы нарығының қатысушыларына кешенді ІТ қызмет көрсету бойынша маманданған. Олар ақпараттық технологиялардағы компетенциялар мен дағдылар туралы баяндама жасады.

Дәрістерден бөлек, конференция қатысушылары ашық диалог өткізді. Шара барысында ақпараттық революция кезінде бизнес қозғалысын талқылап, ІТ нарықтың спецификасын қарады. Түрлі кейстерді шешті.