Зияткерлік байқауда еліміз бойынша 718 маман үміткер атанды.  Торайғыров университетінің бес бірдей профессоры 2021 жылдың  «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болды. 

Байқау нәтижесінде 45 қазақстандық оқу орнының 45 оқытушысы жеңімпаз атанды. 

Торайғыров университетінің абыройын қорғаған грант иегерлері:  Мәдениет Елубай, Самал Ерғалиева, Әлібек Жақұпов, Нартай Жүсіпов, Римма Уәлиева. 

Олар өздерінің ғылыми ізденістерін металлургия, биология, химия және филология салаларында жалғастырады. 

Металлургия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ә. Жақұповтың айтуынша, " ЖОО-ның үздік оқытушысы" мәртебесіне ие болу жаңа жетістіктерге жетіп, кәсіби тұрғыдан дамуға ынталандырады. "Біз материалтану бойынша ағылшын тілінде оқулық әзірлеуді жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар, бұл байқаудағы жеңіс үздік Еуропа университеттері, металлургия саласы ұйымдарында тағылымдамадан өтіп, металлдар мен құймалар саласында жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді". 

" Химия және химиялық технологиялар" кафедрасының меңгерушісі М. Елубай мұнай шламдары, күл және өзге де өнеркәсіптік қалдықтарын қайта өңдеу саласындағы зерттеулерін жалғастырады. Мақсаты - қауіпсіз құрылыс материалдарын алу. 

Биология және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Р. Уәлиева биология бойынша жеке даму бағытында ағылшын тілінде оқу құралын, трематод морфологиясы бойынша ағылшын тілінде монография шығарады. Сонымен қатар, Новосібір ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінде биология және медицина салалары зерттеулері бағытында ғылыми тағылымдамадан өтеді.